Париж қаласында өткен Жануарлар денсаулығын сақтау жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WOAH) 93-ші Бас сессиясында Қазақстанға вакцинациямен аусылдан таза аймақ мәртебесі берілді. Тиісті шешімді ұйымға мүше 183 елдің делегаттары қабылдады.
Ресми сертификат ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған қазақстандық делегацияға табысталды.
Бұл маңызды жетістікке қол жеткізуде Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық (ВҰРО) белсенді үлес қосты. Орталық мамандары ресми досьені әзірлеу барысында зертханалық зерттеулер жүргізіп, эпизоотиялық мониторинг деректерін жинақтап, құжаттамаларды дайындауға тікелей қатысты.
Қазақстан Орталық және Шығыс Азия өңіріндегі аталған мәртебеге ие болған жалғыз мемлекет атанып отыр.
Бұл мәртебе отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге және шетелдік серіктестердің сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

