
2026 жылғы қыркүйекте Астана қаласындағы ВҰРО инфекциялық ауруларды диагностикалау зертханасының және Алматы филиалының қызметкерлері үшін трансмиссивті кемік тәрізді энцефалопатияларды, оның ішінде ірі қара малдың кемік тәрізді энцефалопатиясын (ІҚМ КТЭ) зерттеу кезінде қолданылатын IDEXX HerdChek BSE-Scrapie Antigen Test Kit диагностикалық жиынтығымен жұмыс істеу бойынша онлайн-тренинг өткізілді.
Ірі қара малдың кемік тәрізді энцефалопатиясы (ІҚМ КТЭ, BSE) — патологиялық өзгерген ақуыздар – приондар тудыратын ірі қара малдың жүйке жүйесінің үдемелі ауруы. Ауру ветеринариялық саламаттылықты қамтамасыз ету, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің халықаралық саудасы үшін маңызды. ІҚМ КТЭ-нің классикалық түрі Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) аурулар тізіміне енгізілген, ал ІҚМ КТЭ бойынша тәуекел мәртебесі WOAH ресми түрде танитын мәртебелердің бірі болып табылады.

Осыған байланысты ІҚМ КТЭ-ге жүйелі мониторинг жүргізу, зертханалық диагностиканы жетілдіру және мамандардың даярлығын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының ветеринариялық қызметі үшін маңызды. Мониторингтік зерттеулер аурудың ықтимал жағдайларын уақтылы анықтауға, эпизоотологиялық қадағалауды қамтамасыз етуге, эпизоотиялық жағдайды бағалау және елдің ветеринариялық саламаттылығын растау үшін объективті деректер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқытуды IDEXX Laboratories компаниясының техникалық қызмет көрсету жөніндегі консультанттары өткізді. Тренинг барысында зерттеулерді қою ерекшеліктері, тестілеуді жүргізуге және алынған нәтижелерді интерпретациялауға қойылатын талаптар, сондай-ақ зертханалық диагностиканың осы бағытындағы жаңа тәсілдер мен өзгерістер қарастырылды.
Оқыту аясында ВҰРО мамандарына IDEXX xChekPlus бағдарламасының жаңартылған нұсқасы орнатылды. Қатысушылар бағдарламаның функционалдық мүмкіндіктерімен, жұмыс істеу тәртібімен, сондай-ақ зертханалық зерттеу нәтижелерін өңдеу және интерпретациялау мүмкіндіктерімен танысты.
Өткізілген оқыту ВҰРО мамандарына ІҚМ КТЭ зертханалық диагностикасы және IDEXX диагностикалық жүйелерімен жұмыс істеу бойынша теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын өзектендіруге мүмкіндік берді.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға тиісті сертификаттар берілді.