
2026 жылғы қыркүйек айында Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК базасында инфекциялық ауруларды диагностикалау зертханасының молекулалық биология бөлімінің қызметкерлері үшін «ВЕТ ФАКТОР» ЖШҚ өндірген, жануарлардың аса қауіпті инфекциялық ауруларының қоздырғыштарын нақты уақыт режиміндегі полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен анықтауға арналған диагностикалық ПТР тест-жүйелерін қолдану бойынша мамандандырылған оқыту өткізілді.
Оқытуды өндіруші компанияның маманы тікелей жұмыс орнында өткізді, бұл теориялық дайындықты зертханада қолданылатын жабдықтардағы практикалық жұмыстармен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Тренинг барысында ПТР-диагностиканың негізгі қағидаттары, преаналитикалық кезеңге қойылатын талаптар, нуклеин қышқылдарын бөліп алу және нақты уақыт режимінде ПТР қою ерекшеліктері, сондай-ақ «ВЕТ ФАКТОР» ЖШҚ өндірген тест-жүйелерді қолданудың практикалық аспектілері қарастырылды.
ПТР-зерттеулерінің нәтижелерін талдау мен интерпретациялауға ерекше назар аударылды: оң және теріс бақылаулармен жұмыс істеу, шекті цикл (Ct) мәндерін бағалау, әртүрлі амплификаторларда алынған нәтижелерді талдау ерекшеліктері, сондай-ақ дұрыс емес немесе күмәнді нәтижелердің ықтимал себептерін талқылау.
Тренингтің практикалық бөлімі диагностикалық тест-жүйелермен жұмыс істеуді және зертханалық жағдайларды талдауды қамтыды. Бұл мамандарға алған білімдерін бекітуге және ПТР-зерттеулерін жүргізу бойынша практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Оқыту барысында алынған білім мен дағдылар молекулалық биология бөлімінің одан әрі жұмысында қолданылып, жануарлардың аса қауіпті инфекциялық ауруларын диагностикалау және мониторингтеу шеңберінде жүргізілетін молекулалық-биологиялық зерттеулердің сапасы мен сенімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Оқыту аяқталғаннан кейін мамандарға сертификаттар табысталды.