Skip to content
Басты бет » ВҰРО қызметкерлері Түркияда бруцеллездің зертханалық диагностикасы бойынша халықаралық оқудан өтті

ВҰРО қызметкерлері Түркияда бруцеллездің зертханалық диагностикасы бойынша халықаралық оқудан өтті

  • by

2026 жылғы 22-26 маусым аралығында «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК «Жұқпалы ауруларды диагностикалау» зертханасының қызметкерлері: серология бөлімінен Еримбетов Санжар мен Касеналина Аяулым, бактериология бөлімінен Биржанов Толеген мен Совет Ақерке, сондай-ақ молекулалық биология бөлімінен Ташкенбаев Арман, Хасенова Алина және Жаркинбекова Молдир Түркия Республикасы, Ыстанбұл қаласындағы Пендик ветеринарлық бақылау институтында бір апталық оқу курсынан өтті.

Оқу Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Бруцеллезге қарсы күрес саласындағы техникалық көмек» (GCP/RER/068/USA) өңірлік жобасы аясында ұйымдастырылды.

Пендик ветеринарлық бақылау институты Түркиядағы жетекші ветеринарлық ғылыми-диагностикалық мекемелердің бірі болып табылады. Оның бруцеллез зертханасы диагностикада, диагностикалық антигендер мен сарысуларды өндіруде, сондай-ақ мамандарды даярлауда көпжылдық тәжірибеге ие. Зертхана бұған дейін FAO/WHO Middle East Brucellosis Centre ретінде құрылған және қазіргі уақытта Brucella Reference Diagnostic and Vaccine Production Laboratory ретінде жұмыс істейді.

Курс бағдарламасы бруцеллездің зертханалық диагностикасына заманауи тәсілдер, соның ішінде серологиялық, бактериологиялық және молекулалық-биологиялық зерттеу әдістері, нәтижелерді интерпретациялау, биоқауіпсіздік талаптары және ISO/IEC 17025 стандартына сәйкес сапа менеджменті жүйесінің мәселелері бойынша теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды.

Оқу барысында ВҰРО және Пендик ветеринарлық бақылау институтының мамандары арасында тәжірибе алмасу өтті. Қатысушылар халықаралық стандарттарды қолдануды, биологиялық қауіпсіздік мәселелерін, бруцеллездің зертханалық диагностикасын, сондай-ақ бұдан былайғы кәсіби ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Оқу ФАО маманы Меруерт Садвакасованың үйлестіруімен және сүйемелдеуімен өтті. Оқу курсын ветеринария ғылымдарының докторлары Гүлсерен Йылдыз, Мухамед Карахан, Букет Еройглы, сондай-ақ институттың басқа да мамандары жүргізді.

Курс аяқталғаннан кейін барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. ВҰРО ФАО-ға және Пендик ветеринарлық бақылау институтына оқу мүмкіндігін бергені, курсты кәсіби деңгейде ұйымдастырғаны және Қазақстан Республикасындағы бруцеллездің зертханалық диагностикасы әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.