Ауыл халқының табысын арттыру жобасы аясында Қызылорда облысына 3 млрд теңге бөлінеді. Өңірдің 600-ге жуық ауыл тұрғыны мен ауыл шаруашылығы кооперативі өз ісін бастауға немесе дамытуға жеңілдікті шағын несиелер ала алады. Бұл туралы Қызылорда облысының фермерлерімен кездесуде Ауыл шаруашылығы министрі айтты. Ербол Қарашөкеев облыста ӘКК арқылы саладағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша СҚО-ның тәжірибесі қолданылатынын да хабарлады. Айта кетейік, министрмен кездесуге видео байланыс арқылы тағы 400-ге жуық шаруа қосыла алды.
Сонымен қатар, АШМ басшысы фермерлерді толғандыратын проблемалық мәселелерге, атап айтқанда, егіс науқаны кезінде жанар-жағармай тапшылығы болуы мүмкін деген алаңдаушылыққа тоқталды.
Ербол Қарашөкеев өңірлерге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 413 мың тонна дизель отыны бөлінгенін, бұл өткен жылдың деңгейінен 13 мың тоннаға артық екенін, оның ішінде Қызылорда облысына белгіленген жеңілдікті баға бойынша 12,1 мың тонна бөлінгенін атап өтті.
“Шымкент МӨЗ-не келетін болсақ, 12 сәуірден бастап зауытта жөндеу жұмыстары аяқталып, оңтүстік өңірлерге дизель отынын жөнелту басталды. Қызылорда облысына 200 тонна ЖЖМ жөнелтілді”, – деді министр.
Ведомство басшысы Жер ресурстарын пайдаланудың проблемалық мәселелерін, ең алдымен пайшылардың жағдайын көтерді. Министр қазір шартты жер үлестерін пайдалану жөніндегі проблемалық мәселелерді қарау жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын, оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіргенін атап өтті.
Пайшылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін комиссия шеңберінде қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулер әзірленді, олар Мәжілісте қаралып жатыр.
“Осы түзетулермен жергілікті атқарушы органдарға пай жерлерінің есебін жүргізу бойынша құзырет беру, сондай-ақ жалпы жиналысты өткізу мерзімдерін белгілеу, жерді кепілге беру кезінде ортақ үлестік меншіктің барлық қатысушыларының нотариаттық келісімін міндетті түрде алу, пайшылардың құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі Жер ресурстарын басқару комитетінің құзыретін кеңейту және Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына қатысты әкімшілік жауапкершілік көзделген “,- деді Ербол Қарашөкеев.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, министрлік пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. Биыл қосымша 5 млн га ауыл шаруашылығы жерін қайтару жоспарланып отыр. Өткен жылы Қызылорда облысы бойынша мемлекетке 157,3 мың гектар пайдаланылмаған және заңсыз берілген учаскелер қайтарылды, биылғы жылға тағы 200 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Бұл алаңдар, ең алдымен, мал жаю жөніндегі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін ауыл тұрғындары арасында бөлінетін болады.
Қазіргі уақытта облыс әкімдіктері осы бағытта елді мекендердің шекараларын оларға іргелес жатқан босалқы жерлерді қосу, жайылымдарды жергілікті тұрғындарға босалқы жерлерден қайта бөлу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарын жайылымдарға трансформациялау жолымен кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, фермерлермен кездесу аясында министр gosagro.kz субсидиялаудың жаңа жүйесінің жұмыс істеу принциптерін түсіндірді.
Сондай-ақ осы жылы салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Ербол Қарашөкеев өңірдің бірнеше фермерлік шаруашылығына барып, олардың қызметімен танысты. Сапар қорытындысы бойынша АШМ басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында журналистерге сұхбат берді.