2026 жылғы 16–19 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастырған бруцеллезге қарсы күрес мәселелері бойынша техникалық көмек көрсетуге арналған іскерлік кездесу өтті.
Аталған кездесу 2025 жылғы наурыз айынан бері іске асырылып жатқан жоба шеңберінде қол жеткізілген нәтижелерді бағалауға, сондай-ақ 2027 жылғы наурыз айына дейін жоспарланған жобаны одан әрі іске асыру бойынша келесі қадамдарды келісуге бағытталды.
Жұмыс кездесуіне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік кеңсесінің сарапшылары қатысты. ФАО тарапынан жануарлар денсаулығы жөніндегі маман Даниэль Бельтран-Алькрудо және жануарлар денсаулығы саласындағы төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі сарапшы Марк Харальд Ховари қатысты.
«ВҰРО» РМК атынан кездесуге бас директор М. Бердикулов және жұқпалы ауруларды диагностикалау зертханасының меңгерушісі Т. Карибаев қатысты.
