Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына қайта сайлауына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өз құттықтауында Мемлекет басшысына сәттілік тілеп, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен мультилатерализмнің айнымас әрі сенімді жақтаушысы екенін атап өтті.
«Мен ортақ мүддеге сай келетін мәселелер жөнінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия өңірлік орталығы мен ұйымның Қазақстандағы өкілдік топтары арқылы тығыз қарым-қатынасты жалғастыруды асыға күтемін. БҰҰ Қазақстанның қауіпсіздік, тұрақты даму, адам құқығы мен гендерлік теңдікті ілгерілету салаларындағы жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимылдарға қолдау білдіріп, міндеттемелерін орындайтынына зор сенім білдіреді», – деп жазылған жеделхатта.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 8-ші Бас хатшысы, Жаһандық жасыл өсу институтының ассамблея Төрағасы Пан Ги Мун да Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президенті болып қайта сайлануына орай жүрекжарды тілегін жолдады.
«Қазақстанның өңірлік маңызы мен Сіздің көшбасшылық қасиетіңіз Жаһандық жасыл өсу институтының аймақтың тұрақты дамуына елеулі үлес қосуына мүмкіндік береді. «Жасыл» өсім перспективаларын ілгерілетіп, әлемдік қоғамдастыққа климаттағы өзгерістер саласында көшбасшылық үлгісін көрсету және келешек ұрпаққа ғаламшарымызды таза қалпында қалдыру үшін Сізбен бірге жұмыс істеуге ниеттіміз», – деп жазған Пан Ги Мун.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына құттықтау жеделхаттарын Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель, Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси, Сауд Арабиясының Королі – Қос киенің сақшысы Салман бен Абдулазиз Әл Сауд, Сауд Арабиясы Королінің Тақ мұрагері – Министрлер кеңесінің төрағасы Мұхаммед бен Салман бен Абдулазиз әл Сауд, Иордания Королі ІІ Абдалла, Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Қатар Әмірінің орынбасары Абдалла бен Хамад Әл Тәни, Қатар Премьер-министрі – Ішкі министрі Халед бен Халифа бен Абулазиз Әл-Тәни, Кувейт әмірі Науаф әл-Ахмад әл-Джәбир әл-Сабах, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Мальдив Президенті Ибрагим Мұхамед Солих, Мажарстан Президенті Каталин Новак, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Польша Президенті Анджей Дуда, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, Нидерланд Королі Уильям-Александр, Бельгия Королі Филипп, Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Латвия Президенті Эгилс Левитс, Литва Президенті Гитанас Науседа, Эстония Президенті Алар Карис, Словакия Президенті Зузана Чапутова, Словения Республикасының Президенті Борут Пахор, Болгария Президенті Румен Радев, Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровски, Кипр Президенті Никос Анастасиадис, Швейцария Президенті Иньяцио Кассис, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Жапония Премьер-министрі Фумио Кишида, Корея Президенті Юн Сок Ёль, Сингапур Президенті Халима Якоб, Вьетнам Президенті Нгуен Суан Фук, Бангладеш Президенті Мохаммед Абдул Хамид, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Таиланд Корольдігінің Премьер-министрі генерал Прают Чан-О-Чан, БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхел Моратинос, РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин, Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл, Иерусалим Патриархы ІІІ Феофил, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин, ЕҚЫҰ аз ұлттар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдәулет, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Орта Азия Католиктік Епископтары Конференциясының төрағасы, Епископ Хосе Луис Мумбиела-Сиерра, Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы, профессор Клаус Шваб және басқалар жолдады.