Skip to content
Басты бет » ВҰРО зертханасының меңгерушісі аусыл және ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасы бойынша халықаралық симуляциялық оқу-жаттығулар мен өңірлік кеңеске қатысты

ВҰРО зертханасының меңгерушісі аусыл және ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасы бойынша халықаралық симуляциялық оқу-жаттығулар мен өңірлік кеңеске қатысты

  • by

2026 жылғы 1–3 шілде аралығында «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК жұқпалы ауруларды диагностикалау зертханасының меңгерушісі Карибаев Талғат Болатұлы Әзербайжан Республикасының Гәнжа қаласында өткен аусыл және ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасы (PPR) бойынша Өңірлік консультативтік топтардың (Regional Advisory Groups, RAG) кеңесіне қатысты. Іс-шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) және Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH) бірлесіп ұйымдастырды.

Кеңеске Өңірлік консультативтік топтардың (RAG) мүшелері, ветеринариялық қызметтердің басшылары, WOAH, FAO, EuFMD және GF-TADs ұйымдарының өкілдері, ұлттық референттік зертханалардың мамандары, сондай-ақ Батыс Еуразия елдерінің жетекші сарапшылары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты аусыл мен ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасының алдын алу және оларға қарсы күрес саласындағы өңірлік үйлестіруді жетілдіру, консультативтік топтардың тиімділігін арттыру және өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.

Бағдарлама аясында қатысушылар аусыл мен ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасын бақылау және жою бағдарламаларын іске асыру кезеңдерін бағалау бойынша симуляциялық оқу-жаттығуларға қатысты. Сонымен қатар PCP-FMD SAT және PMAT құралдарын қолданудың практикалық тәсілдері қарастырылып, елдердің қол жеткізген нәтижелерін бағалау тетіктері, өңірлік өзара іс-қимылды жетілдіру, эпизоотологиялық ақпарат алмасу, сондай-ақ WOAH тарапынан аурулар бойынша ресми мәртебе алу және бақылау бағдарламаларын мақұлдату үшін қажетті материалдарды дайындау мәселелері талқыланды.

Аталған іс-шараға қатысу өңірлік ынтымақтастықты ұйымдастырудың заманауи халықаралық тәсілдерімен танысуға, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес жөніндегі ұлттық бағдарламаларды бағалау тәжірибесін зерделеуге және шетелдік жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Алынған білім мен тәжірибе Қазақстан Республикасында эпизоотиялық мониторинг пен зертханалық диагностика жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.