Кездесу Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Т.С. Қызайбаевтың төрағалығымен өтті. Іс-шараға Ветеринариялық бақылау және ветеринариялық препараттардың айналымы басқармасының басшысы Л.С. Ансабаева, Республикалық ветеринариялық зертхананың, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың және Республикалық эпизоотияға қарсы жасағының өкілдері қатысты.
ШЖҚ РМК «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» атынан жұқпалы ауруларды диагностикалау зертханасының меңгерушісі Т.Б. Карибаев және эпизоотиялық мониторинг бөлімінің бас маманы Г. Аубакирова қатысты.
Кездесу барысында ветеринариялық эпидқадағалау жүйесінің жұмыс істеуі, оның ішінде құрылымы, ақпараттың далалық деңгейден зертханалар мен орталық органдарға дейінгі қозғалысы, сондай-ақ кері байланыс тетіктері талқыланды. Эпидқадағалау жүйесін бағалау (SET) нәтижелеріне және ветеринариялық жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауды жетілдіру жөніндегі ұсынымдарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, аналитикалық эпидемиология, тәуекелдерді талдау, ауру ошақтарын тергеп-тексеру және ден қою, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік салаларындағы құзыреттерді дамыту мәселелері қаралды.
Аталған кездесу Қазақстан Республикасының ветеринариялық қадағалау жүйесін одан әрі жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

