2025 жылдың 2-3 қазан аралығында Бельгияның Антверпен қаласында Еуропалық Одақ, Cirad (Франция) және Sciensano (Бельгия) Еуропалық референттік зертханалары ұйымдастырған ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы мен нодулярлы дерматиті аурулары бойынша жыл сайынғы семинар өтті. Семинарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығы» атынан Алматы қалалық филиалының молекулалық биология бөлімінің бас маманы Гульжан Мусаева, молекулалық биология бөлімінің маманы Алина Хасенова және серология бөлімінің маманы Аяулым Касеналина қатысты.
Семинар барысында 2025 жылы «Sciensano» Еуропалық референттік зертханасы тері ісік аурулары мен ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы аурулары бойынша жүргізілген зертханааралық салыстыру сынақтарының нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар, эпизоотиялық жағдайлар мен Еуропа елдерінде осы ауруларға қолданылатын вакциналар туралы талқылаулар болды.
Ұсынылған есепке сәйкес, Астана және Алматы қалаларының «Жұқпалы ауруларды диагностикалау» зертханалары серологиялық және молекулярлы-биологиялық әдістері арқылы ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы мен нодулярлы дерматиті аурулары бойынша зертханааралық салыстырмалы сынақтарының ұйымдастырушылардың нәтижелерімен толық сәйкес келді. Бұл зертхана мамандарының жоғары кәсіби деңгейін көрсетеді. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

