2025 жылдың 3 шілдесінде Ресей Федерациясының Вологда облысында алғаш рет жоғары патогенді құс тұмауы мен ұсақ күйісті жануарлардың обасы ошақтарын оқшаулау және жою жөніндегі халықаралық оқу-жаттығулар өткізілді. Оқу-жаттығуларға Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан өкілдері, сондай-ақ Ресейдің 17 өңірінен мемлекеттік ветеринариялық қызмет мамандары қатысты. Қазақстан Республикасынан ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Руслан Қуспеков қатысты.
Оқу-жаттығулардың сценарийі шынайы жағдайға мүмкіндігінше жақын болды. Іс-шараның негізгі міндеті — төтенше эпизоотияларға жедел әрекет ету қызметтерінің дайындығын арттыру және түрлі құрылымдардың бірлескен күш-жігерін үйлестіру болды. Оқу-жаттығулар барысында жануарлар мен құстардың түрлі инфекцияларының таралуы жағдайында әрекет ету алгоритмін үйреніп, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету тәжірибесі жинақталды.


