«Жұқпалы ауруларды диагностикалау» зертханасының маманы Касеналина Аяулым Турсунхановна, 2024-2025 жылдарға арналған «Ұлттық лаборатория басшылары мен көшбасшыларын даярлау бағдарламасы (NLLP)» оқу бағдарламасына қатысушылар қатарына сәтті іріктеліп, қабылданды. Бұл бағдарлама Ғаламдық лаборатория басшылары мен көшбасшыларын даярлау бағдарламасына (GLLP) негізделген және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» «Ғылыми-практикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг орталығы» ЖШҚ филиалында жүзеге асырылады. Бағдарлама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросы, Қазақстандағы елдік кеңсесі мен СДС-дің бірлескен жобасы болып табылады.
«Ұлттық лаборатория басшылары мен көшбасшыларын даярлау бағдарламасының» (NLLP) мақсаты – қазіргі және жаңа лаборатория көшбасшыларына қолдау көрсету, оларды тәрбиелеу және мықты, тұрақты ұлттық лаборатория жүйесін қалыптастыру болып табылады.
Бағдарлама барысында барлық оқу кезеңдерінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибе мен білім алмасу үлкен маңызға ие. Денсаулық сақтау, ветеринария және экология саласындағы лаборатория көшбасшыларын бір алаңда оқыту олардың тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз етіп, адамдар мен жануарларға ортақ ауруларды дер кезінде зерттеуге, экологиялық мәселелермен байланысты зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде эпидемиологиялық бақылау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді.
Касеналина Аяулым Турсунхановнаға жаңа білім алу жолында сәттілік тілейміз және осы білімдер арқылы белгіленген мақсаттарға жетіп, лабораториялық диагностика саласына маңызды үлес қосады деп сенеміз!
