Skip to content
Басты бет » Қазақстан ветеринариялық қызметін дамыту: қазіргі жағдайы мен болашақ басымдықтары

Қазақстан ветеринариялық қызметін дамыту: қазіргі жағдайы мен болашақ басымдықтары

  • by

Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының бас директоры Мақсат Аманбекұлы Бердіқұлов ағымдағы жылдың 12 желтоқсанында, жұма күні өткен «Қазақстан Республикасының ветеринариялық қызметі: жағдайы және даму перспективалары» тақырыбындағы Үкіметтік сағатқа қатысты. Іс-шара Аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің аясында өтіп, отандық ветеринариялық жүйені жетілдіруге арналған маңызды диалог алаңына айналды.
          Отырыс барысында сала дамуына қатысты өзекті мәселелердің кең спектрі қарастырылды. Талқылаудың негізгі бөлігі ветеринариялық қызметтің қазіргі жағдайына, оны институционалдық тұрғыдан нығайтуға және басқарушылық үдерістердің тиімділігін арттыруға арналды. Зертханалық инфрақұрылымды жаңғырту, зерттеулер жүргізу үшін заманауи жағдайлар жасау, кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері ерекше назарға алынды.
          Сонымен қатар, цифрлық процестерді оңтайландыру, жануар тектес өнімдердің толыққанды қадағалап отыру жүйесін енгізу мәселелері талқыланды. Бұл бағыт бақылауды өндірістен тұтынушыға дейінгі барлық кезеңдерде күшейтуге мүмкіндік береді. Күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі – шекаралық ветеринариялық бақылауды түбегейлі жақсарту және эпизоотиялық жағдайды мониторингтеудің тиімділігін арттыру болды.
          Сала мамандарын әлеуметтік қолдау шаралары да жеке қарастырылып, ветеринариялық қызметтің беделін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту бағыттары атап өтілді.
          Мақсат Аманбекұлы Бердіқұловтың Үкіметтік сағаттағы қатысуы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының елдің биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудағы маңызды рөлін айқындады. Талқылау нәтижесінде ұсынылған тұжырымдар мен ұсыныстар Қазақстанның ветеринариялық жүйесін одан әрі нығайтуға және оның тұрақты дамуына негіз болмақ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *