Ағымдағы жылдың 15 қараша күні Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың бас директоры М. Бердіқұлов еліміздің барлық өңірлерінен 2000-нан астам қатысушыны біріктірген ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумына қатысты. Бір алаңға Агрохолдинг өкілдері, фермерлер, шаруа қожалықтарының қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен инвесторлар жиналды.
Биылғы жылы кәсіби мерекеміз ерекше құрметпен — Мемлекет басшысының қатысуымен атап өтілді. Бұл саланың ел үшін маңызы айрықша екенін айғақтайды. Салтанатты іс-шара жоғары дәрежеде өтті. Форумға мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғалармен қатар, агроөндірістегі көшбасшылар, еңбек майталмандары мен жас фермерлер қатысты.
Бұл күні Мемлекет басшысының қолынан саланың үздік өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды. Мұндай қадам үздік фермерлерді танып-білу ғана емес, агроөнеркәсіптік кешенде жұмыс істейтіндердің барлығын шабыттандырды. Себебі, бұл біздің ортақ ісіміздің маңыздылығын көрсетеді. Іс-шара мінберінен Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы туралы ғана емес, ел өмірінің басқа да салаларынан бірқатар өзекті ойларын ортаға салды.
Агроөнеркәсіптік кешеннің табысты дамуы экономика үшін басты қозғаушы күш. Ол химия өнеркәсібі, машина жасау, ирригация, логистика және қаржылық қызметтер секторы сияқты өзге салаларға деген сұранысты арттырады. Бірақ ең бастысы, агроөнеркәсіптік кешен – ол азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдардың дамуына және халқымыздың өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей әсерін тигізеді.